
2026 жылғы 5 қарашада Назарбаев Университетінде құрылыс саласын цифрландыру және жасанды интеллектті қолдану мәселелеріне арналған панельдік сессия өтті. Іс-шараның негізгі спикерлерінің бірі — Engineering Services компаниясының IT-директоры және DES цифрлық платформасының бас директоры Жанат Жунусов болды.
Іс-шараға 100-ге жуық студент пен құрылыс саласының өкілдері қатысты. Кездесу барысында жасанды интеллекттің инженерлік мамандықтарға әсері, болашақ мамандарға қажетті цифрлық дағдылар және еңбек нарығындағы өзгерістер талқыланды.
Студенттерді толғандырған басты сұрақтардың бірі — жасанды интеллект болашақта инженерлерді алмастыра ала ма?
«Бүгінде әрбір қызметкер вайбкодингті меңгеріп, жасанды интеллектті сенімді қолдана білуі керек. Бұрын компьютермен жұмыс істей алу міндетті дағды болса, қазір жасанды интеллектті пайдалану сондай қажеттілікке айналды», — деді Жанат Жунусов.



Өз сөзінде спикер құрылыс процестерін цифрландырудың практикалық тәжірибесімен бөлісті. Ол жасанды интеллектті тиімді енгізу үшін ең алдымен сапалы деректер, ашық процестер және құрылысты басқарудың жүйелі тәсілі қажет екенін атап өтті.
Практикалық мысал ретінде құрылыс саласының нақты қажеттіліктерін ескере отырып әзірленген қазақстандық DES цифрлық платформасы таныстырылды. Бүгінде жүйеде 400-ден астам жоба мен 1000-нан астам пайдаланушы тіркелген. Ал техникалық қадағалау бойынша тіркелген нұсқамалар мен инспекциялар саны 35 мыңнан асады.
Жанат Жунусов DES платформасында жасанды интеллекттің қалай қолданылып жатқанын да түсіндірді. Қазірдің өзінде ЖИ-хатшы жиналыс хаттамаларын дайындауға көмектеседі. Сонымен қатар құрылыс ақауларын фотосуреттер арқылы автоматты түрде анықтау және инженерлік мамандарға арналған интеллектуалды ассистенттер әзірленіп жатыр.
«Жасанды интеллект құрылыс алаңына өздігінен келмейді. Оны деректер алып келеді», — деп атап өтті Жанат Жунусов.
Кездесу барысында студенттердің кәсіби дамуы мен мансаптық мүмкіндіктеріне де ерекше назар аударылды. Назарбаев Университетінің студенттеріне Engineering Services компаниясында тағылымдамадан өтіп, құрылыс саласында практикалық тәжірибе жинақтау мүмкіндігі ұсынылды.
Engineering Services үшін мұндай іс-шараларға қатысу — инженерлік тәжірибемен бөлісудің, жас мамандарды қолдаудың және құрылыс саласындағы технологиялық құзыреттерді дамытудың маңызды мүмкіндігі.
Engineering Services компаниясының миссиясы — «Біз өмір сүруге тұрақты әрі сенімді орта қалыптастырамыз». Цифрлық технологиялар осы миссияны жүзеге асырудың маңызды құралдарының біріне айналып келеді.
Компания құрылыс сапасын, қауіпсіздігін және тиімділігін арттыру мақсатында инженерлердің кәсіби тәжірибесін заманауи цифрлық шешімдермен ұштастырып, инновациялық мәдениетті дамытуды жалғастыруда.